KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, Ю
475.18 510.72 5.47

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында футболдан ел чемпионаты өтті

29.06.2024, 16:20 90 Айна Ескенқызы

Бүгін облыс орталығындағы «Восток» стадионында есту қабілеті нашар адамдар арасында футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Еліміздің әр өңірінен алты команда қатысқан додада Өскемен қаласының командасы жүлделі екінші орынды иеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ел чемпионатында Өскемен, Алматы, Астана, Шымкент, Қонаев, Талдықорған қалаларының спортшылары бақ сынады. Тартысты өткен жарыста Қонаев қаласының командасы жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орынды алаң иелері еншіледі. Жүлделі үшінші орынға Астананың ойыншылары лайық деп танылды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, командалар жақсы дайындықпен келген және тартысты өткен сайыстарда бар күш-жігерлерін жинап, өрнекті ойын көрсете білді.

- Бүгін біз есту қабілеті нашар адамдар арасында футболдан Қазақстан чемпионатын өткіздік, онда біздің команда жүлделі екінші орынға ие болды. Алдағы уақытта біздің командаға, спортшыларға республикалық, халықаралық жарыстарда осындай жеңістер тілеймін, - деді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы директорының орынбасары Фарид Қалиев.

Ойыншылар үшін марапаттау сәті өте қызықты болды. Жеңіске жеткен командаларға тапсырылған кубоктар мен медальдарды футболшылар ерекше көңіл-күймен қабылдап, толғаныс үстінде болды. Қонаев қаласының командасы осымен үшінші жыл қатарынан топ жарып отырғанын айта кеткен жөн. Чемпионат аясында "Үздік ойыншы", "Үздік қақпашы", «Үздік шабуылшы» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Атап айтсақ, "Үздік ойыншы" - өскемендік Ерлан Қалиақперов, "Үздік қақпашы" - алматылық Данияр Абылаев, "Үздік шабуылшы" Қонаев командасының ойыншысы Руслан Шыңғысбек атанды.

Айтпақшы, үздік ойыншы ретінде танылған №7 номерде ойнайтын жерлесіміз Ерлан Қалиақперовке астаналық жаттықтырушылардың көзі түсіпті.

- Біздің футболшы Ерлан Қалиакперов өте жақсы өнер көрсетті, республикалық командалардың жаттықтырушылары ары қарай халықаралық жарыстарға шақырсақ деген ұсыныстарын айтты. Келешекте Әлем, Азия чемпионаттарына қатысатын шығар деп ойлаймыз, - деп қосты Фарид Қалиев.

Чемпионат барлық қатысушылар үшін маңызды оқиға болды және спорт кез келген қиындықтар мен шектеулерге қарамастан жаңа жетістіктерге шабыттандыратынын көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив