KZ
Өскемен
-16°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

«SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығы: жүргізушісіз көлік шешімдері

22.12.2025, 10:00 545 Ержан Әбіш

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ инженерлік орталығы «SMART Driving Technology» жобасымен Қазақстанда жүргізушісіз көлік, жасанды интеллект және интеллектуалды транспорттық жүйелер саласында білім беру мен ғылыми тәжірибені бір арнаға тоғыстырып отыр. Мұнда Changan маркалы автопилоттық көліктер, LiDAR сенсорлары, AR/VR симуляторлар мен цифрлық карталар арқылы инновациялық шешімдер әзірленуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Қазақстанның техникалық университеттері тек кадр даярлайтын білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық алаңға айналды. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында құрылған «SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығы осы миссияның жарқын мысалы болып табылады. Орталық 2025 жылғы қарашада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ашылып, Лу Бань шеберханасының тәжірибелік дамуының логикалық жалғасы ретінде қызмет етіп отыр.

«SMART Driving Technology» – бұл білім беру, ғылым және практикалық тәжірибені біріктіретін толыққанды инженерлік орталық. Мұнда студенттер мен зерттеушілер жаңа буындағы гибридті және электрлі көліктермен жұмыс істеп, автопилоттық жүйелерді, жасанды интеллект пен компьютерлік көру алгоритмдерін тәжірибеден өткізеді. Сонымен қатар орталықта навигация, интеллектуалды транспорттық жүйелер (ITS), қауіпсіз қозғалыс сценарийлері, төтенше жағдайлар бойынша AR/VR симуляторлары қолданылады.

Бүгінгі таңда орталықтың негізгі техникалық жабдықтары мен мүмкіндіктері мыналарды қамтиды: Changan маркалы жүргізушісіз көлік модельдері; LiDAR, радарлар, камералар және ультрадыбыстық сенсорлар арқылы мультисенсорлық платформалар; Жасанды интеллект пен машиналық оқыту негізіндегі шешім қабылдау алгоритмдері; Цифрлық карталар мен интеллектуалды транспорттық жүйелер; Экологиялық таза және автономды көлікке арналған SMART-шешімдер.

Орталықтың инновациялық инфрақұрылымы ШҚТУ-ны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жүргізушісіз такси үшін цифрлық картаны әзірлеу пилоттық жобасына тартуға мүмкіндік берді. Бұл аясында жасанды интеллект алгоритмдері мен технологиялық шешімдерді тестілеу үшін оқу-тәжірибелік Changan көліктері қолданылды.

Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде» Жолдауында көрсетілген автопилоттық жүйелер мен смарт-көлікті дамыту міндеттері осы жоба арқылы нақты іске асырылып отыр. «SMART Driving Technology» орталығы – «мемлекет–университет–технология» байланысының нақты үлгісі, ол Қазақстанның жоғары оқу орындары көлік саласы мен цифрлық экономиканы жаңғыртуға толық дайын екенін дәлелдейді.

Студенттер мен жас зерттеушілерге арналған бұл алаң практикалық дағдыларды дамытуға, инновациялық жобаларды тәжірибеден өткізуге және жаңа технологияларды коммерциялық және әлеуметтік ортаға енгізуге мүмкіндік береді. ШҚТУ базасындағы орталықтың жұмысы елімізде жүргізушісіз көлік технологияларын дамытудың ғылыми-білім беру инфрақұрылымындағы маңызды қадамға айналды.

Осылайша, «SMART Driving Technology» орталығы Қазақстанда заманауи көлік технологиялары мен жасанды интеллект шешімдерін дамытуда көшбасшы позицияға ие болып, студенттер мен ғалымдарға нақты тәжірибе алаңы ұсынады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу