KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

Биыл Өскеменнің өндіріс саласына 43,1 млрд теңгенің инвестициясы тартылған

22.12.2025, 10:15 462 Ержан Әбіш

Инвестиция тарту Өскемен қаласын дамытудағы басты бағытқа айналып отыр. Биыл Ұлттық инвестициялық пул аясында қалада 43,1 млрд теңгенің 4 ірі жобасы жүзеге асырылды. Ал келесі жылы 46,9 млрд теңгеге тағы 8 жоба іске қосылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еліміздегі ең ірі индустриялық орталықтардың бірі саналатын қала бүгінгі күні өңір экономикасының қозғаушы күшіне айналып отыр. Облыстың өнеркәсіптік құрылымының 78,7 пайызы дәл осы Өскеменнің үлесінде.

Қала өнеркәсібінің негізгі тірегі – өңдеу саласы. Оның үлесі 95 пайыздан асады, ал басты бағыт – негізгі бағалы және түсті металдарды өндіру. Өскеменді өндірістік картада айрықша көрсететін алып кәсіпорындардың қатарында қорғасын, мырыш, мыс, алтын мен күміс өндіретін «Казцинк», титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын Өскемен титан-магний комбинаты, сондай-ақ уран, бериллий және тантал өнімдерін өндіретін Үлбі металлургия зауыты бар.

Сонымен бірге осы жылдың басынан бері қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібінде 5,4 пайызға төмендегені байқалды. Бұған өңірдің өңдеу саласының 70 пайызын қамтитын «Казцинк» кәсіпорнындағы өндіріс көрсеткіштерінің азаюы әсер еткен. Атап айтқанда, алтын өндіру – 3,6 пайызға, күміс – 20,3 пайызға, қорғасын – 31,5 пайызға, мырыш – 6,2 пайызға кеміді. Қазіргі уақытта компания өндірістік қуаттарды тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

– Өскемен тек дәстүрлі металлургиямен шектелмей, жаңа өндірістік бағыттарды да белсенді дамытып келеді. Мәселен, Өскемен арматура зауыты Каспий құбыр консорциумымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, бекіту арматуралары мен сорғы агрегаттарының жергілікті өндірісін кеңейтуде. Қалада заманауи құрылыс кластерін қалыптастыру жұмыстары да қарқын алған. Кірпіш пен газдалған бетон блоктарын өндіру іске қосылып, ал келер жылдың екінші жартысында құрғақ құрылыс қоспалары мен бояулар шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр, – деді қала жұртшылығымен кездесуінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Машина жасау саласында да серпін бар. «Азия Авто Қазақстан» алаңының өндірістік, кадрлық және инфрақұрылымдық әлеуеті ірі машина жасау кластерін дамытуға бірегей мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортқа бағдарланған өндірісті қалыптастыруға жол ашады.

Инвестиция тарту – қаланың басым бағыттарының бірі. Биыл Ұлттық инвестициялық пул аясында облыста 53,2 млрд теңгеге сегіз жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Өскемен қаласында 43,1 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба бар. Ал келесі жылы 46,9 млрд теңгеге сегіз инвестициялық жобаны іске асырып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, «Востокмашзавод» пен Өскемен арматура зауытында өндірістік қуаттарды жаңғырту көзделіп отыр.

Шағын және орта бизнес те қаланың экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады. Өскеменде 42 мыңға жуық бизнес субъектісі тіркелген, бұл облыстық көрсеткіштің 60 пайыздан астамын құрайды. Қаладағы жеке кәсіпкерлер саны өңір бойынша тіркелген кәсіпкерлердің 67 пайызына жетіп, бизнес белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл бірқатар әлеуметтік және өндірістік жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру кеңейтіліп («Еврогидросервис» ЖШС), әйнекті қайта өңдеу шеберханасы ашылды (ЖК Евженкова), мектепке дейінгі мекемелерге арналған ағаш ойыншықтар өндірісі жолға қойылды (ЖК Кирюхов). Сонымен қатар аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға арналған заманауи мультимедиялық сынып та («Страна чудес» арнайы мектеп-балабақшасы) өз жұмысын бастады.

Өскемен – өткеннің өндірістік тәжірибесін сақтай отырып, болашақтың экономикасына батыл қадам басып келе жатқан қала. Металл мен машина жасау, инвестиция мен инновация, шағын бизнес пен ірі өндіріс – мұның бәрі өңір орталығының тұрақты дамуына қызмет етуде.

Фото: 

Махаббат Ахметжанова 

Артем Жигулин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу