ШҚО-дағы агроөнімнің басым бөлігі Өскеменде өңделеді
ШҚО-дағы агроөнімнің негізгі бөлігі Өскемен қаласында өңделіп, нарыққа жол тартады. Биыл қалада жылдық қуаты 150 мың тонна «Алтай май» зауыты, «Шығыс-Сүт» корпорациясының ірімшік цехы іске қосылды. Сонымен қатар фермерлер өз өнімдерін делдалсыз сата алатын «Алтай» көтерме-тарату орталығы ашылды. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала жұртшылығымен есепті кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қаласының агроөнеркәсіптік кешені облыс ауыл шаруашылығының жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын ғана құрайды. Соған қарамастан, қала өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің басты орталығы болып отыр.
Өскемен мен оның айналасында қалыптасқан агломерация өңірдің агроөнімді өңдеу хабы саналады. Мұнда майлы, дәнді дақылдарды, сүт және ет өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорындар, сондай-ақ дамыған логистикалық инфрақұрылым шоғырланған.
Қалада «Шығыс-Сүт», «Эмиль», «Май», Өскемен ұн комбинаты секілді ірі өңдеу кәсіпорындары табысты жұмыс істеп тұр. Биыл жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында «Шығыс-Сүт» компаниясы 500 млн теңгеге ірімшік өндірісін кеңейту жобасын іске асыруда. Жоба келесі жылы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ жылдық қуаттылығы 150 мың тонна болатын «Алтай май» заманауи май өндіру зауыты іске қосылды. Бұл жоба майлы дақылдарды өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, дайын өнім өндірісін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті күшейтеді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйесінде де жаңа формат қалыптасуда. Өскеменде ашылған «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы фермерлерге өнімін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға мүмкіндік беріп отыр.
Нұрымбет Сақатағанов Өскемен қаласының әкіміне және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына агроөнеркәсіптік инвестициялық жобалардың уақтылы іске асуын қатаң бақылауға алып, жаңа өндірістік бастамалар бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Өскемен агросекторы өндіріс көлемімен емес, өңдеу қуатымен, инвестициямен және жаңа нарықтық модельдермен дамуға бет бұрып келеді.
Фото:
Махаббат Ахметжанова
Артем Жигулин

