KZ
Өскемен
+22°
гроза жел 3 м/с, Ю
478.58 520.84 5.44

Катонқарағай ауданында «Қонақжай отбасы» жобасы мәресіне жетті

9.07.2024, 12:20 262 Ержан Әбіш

«Қонақжай отбасы» жобасы аясында Катонқарағай ауданында 100 оқушы демалып, қазақша сөздік қорларын молайтып, қазақтың салт-дәстүрін танып, өлкемен танысып қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Маусым айының ортасында ауданға «Қонақжай отбасы» жобасы аясында 100 оқушы келген. Алтай, Глубокое, Риддер, Шемонаиха аудандарының оқушылары ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, қазақ тілін біраз үйреніп қайтты. Оларға берілген 15 күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Мектеп мұғалімдері түрлі жарыстар, ойындар өткізіп, балалардың әр күнін пайдалы өткізуге тырысты. Алтайдың әсем табиғатын көрсетіп, тарихи орындарды да аралатты.

Оқушыларды қабылдап алған Өрел, Берел, Жамбыл, Белқарағай ауылдарында жобаның жабылуына орай қорытынды шаралар өтті. Берел орта мектебіндегі шараны оқушылар мен ата-аналар концерт түрінде өткізді. Оқушылар екі аптада үйренген өнерлерін ортаға салды. Қазақша өлең оқып, ән айтты, қазақ биін биледі. Домбырамен «Еркем-айды» күмбірлеткен оқушылар таңдай қақтыртты. Балалар күнделікті тұрмыстық сөздердің біразын үйренген. Арасында өзі келген отбасына бауыр басып, тағы қалуға ниетті балақайлар да кездесті. Қонақжай ата-аналар да аз уақытта оларды өз балаларымен тең көріп, қолдау көрсеткен.

Шараға қатысқан аудандық білім бөлімінің мамандары оң баға беріп, жоба нәтижелі жалғаса берсін деген тілек білдірді. Мектеп тарапынан оқушыларға өз суреттері жиналған естелік альбомдар мен сөздік сандықшалары табыс етілді.

Балалар тәрбиешілерімен қимай қоштасып, үйлеріне қайтты.

– «Қонақжай отбасы» жобасының аяқталуына орай әр мектепте салтанатты кештер өтті. Балалар екі апта ішінде үйренген өнерлерімен бөлісті. Өрел, Берел, Жамбыл, Белқарағай мектептерінің ұжымына алғысым шексіз! Тәрбиелік мәні зор істі абыроймен атқардыңыздар, – деп жазды Катонқарағай ауданы білім бөлімінің басшысы Ғалия Победақызы Instagram парақшасында.

Дана Әбдікәрім

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив