Топқайыңдық шебер өз қолымен трактор құрастырып алды
Катонқарағайлық өнертапқыш Мархабат Нұрқанов қолдан шағын трактор, трицикл, мотороллер, шөпкөтергіш құрастырып алған, сонымен қатар ауылдастарына монша пештерін, темір қоршауларды да жасайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
47 жасар топқайыңдық Мархабат Нұрқанов – мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, темірден түйін түйген шебер. Өнертапқыш жігіт Сөгір ауылында дүниеге келген. Осында мектепті бітірді. Бала кезінен-ақ темірге әуестігі бартұғын. Мектептен шыға ол сол тұстағы Черняховский совхозындағы техникалар орналасқан жерге асығатын. Жүргізушілердің жанынан қалмай, түрлі техниканы үйренуге ынтызар боп өсті. Совхоз жұмысшылары да жастың бетін қақпай, қастарына ертіп жүрді.
Самардан кейін Мархабат Средигорное ауылында тұрып, фермада еңбек етеді.
Өмірлік серігі Дананы жолықтырып, 2014 жылы жас жұбайлар Катонқарағай ауданындағы Топқайыңға көшіп келеді. Ауладағы бақшасына көкөніс салып, тіршілік ете бастайды. Қол еңбегін жеңілдету үшін ол кішігірім мотоблок сатып алады. Құрылғының ыңғайсыз екенін түсінген ол мотоблок пен ескі «Урал» мотоциклінің саймандарын қосып, мотороллер құрайды. Бұдан кейін ол трицикл аталатын кішігірім көлікті қолдан жасап алады.
Темір шебері шағын тракторды қалай құрастырғанын да айтып берді. Оған ауылдастары да қызығушылық танытып отыр, бірақ сатуға қимайды. Шебердің тағы бір жасаған құрылғысы – трактордың алдына орнатылатын шөпкөтергіш.
Бұдан өзге Мархабат ауылдастарына моншаның пешін, темір қоршауларды жасайды.
Мархабат алдағы уақытта қытайлық шағын тракторды өз қалауынша қайта жасап шығармақ.
Екі қыз баланы өсіріп отырған Мархабат пен Данаға биыл мемлекет тарапынан ауылдан үш бөлмелі үй берілді.
Татьяна Самойлова