Ермек Көшербаев аудан әкімдеріне: «Енді бастан сипау деген болмайды»
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды. Аймақ басшысы әкімдер «завхозға» айналып кеткен дейді.
Бүгін облыс әкімдігінде өтіп жатқан отырыста ет және мал саудасына қатысты проблемалар көтерілді. Өскеменде мал базары ашылу керек болатын. Жер бөлінді, бірақ жұмыс осымен тоқтап қалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ аймақ басшысы мал базарының жанынан ет комбинатын, өнімді сертификациядан өткізетін зертхана ашуға болатынын алға тартты. Ол осы мәселе бойынша жұмысты ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларына тапсырды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің барлығы тартылатын орын «Алтай» көтерме сауда орталығы болатынын айтты. Ол Алматыдағы «Алтын Орда» базарын мысал ретінде келтірді. Онда жергілікті өнімге ден қойылған. Айта кетсек, жақын арада Шығыс Қазақстанға Алматыдан делегация келмек екен.