Облыс әкімі жасы 50-ден асқан адамдарды жұмыспен қамтуды тапсырды
Фото: ortcom.kz
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы өтіп жатыр.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев көп адамдардың 50 жастан кейін жұмыссыз қалып жататынын айтты. Оларды жұмысқа жасына қарап алмай қоятыны белгілі. Осы ретте ол «Күміс жас» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, облыста 900-ден астам адам осы бағдарламаға қатысады екен.
- "Күміс жас" жобасы - ең сұранысқа ие бағдарлама. Қазіргі таңда 900-ден астам адам осы бағдарлама бойынша жұмысқа жіберілді. Олардың жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Жұмыс берушілермен әлеуметтік келісім-шартқа отырғанбыз, - дейді басқарма басшысы.
Аймақ басшысы аудан әкімдеріне осы санаттағы адамдар жайлы ұмытпау керек екенін ескертті.
- 50 жастан асқан адамдарға қолдау көрсету керек. Олардың білімі де, тәжірибесі де мол. Бірақ жұмысқа тұра алмай қалып жатады. Сол үшін «Күміс жас» бағдарламасы енгізілген. Оған қатысатын адамдардың санын арттыру қажет, - деді Ермек Көшербаев.
Оқи отырыңыз