ШҚО әкімі инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне өңдеу өнеркәсібіне, атап айтқанда, тамақ өндірісі, ағаш өңдеу және құрылыс материалдарын өндіруге инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.
Бұл күнде Өскеменде алты, Ұлан ауданында төрт, Риддер қаласында, Алтай, Зайсан, Тарбағатай аудандарында екіден, Шемонаиха, Глубокое, Самар, Күршім аудандарында бір-бірден инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал Катонқарағай ауданында инвестициялық жоба жоқ, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Іске асырылып жатқан жобалар тау-кен металлургия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды қамтиды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда аудан-қала әкімдіктерінің белсенділігі төмен екендігін ескертті.
– 2020 жылдан 2025 жылға дейін жоспарланған жекелеген жобаларды іске асыру аудандардың инвестициялық әлеуетіне сәйкес келмейді.
Сондай-ақ аймақ басшысы жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту ісі технологияларды трансферттеуге және инновациялық қызметті жүзеге асыруға бағытталуға тиіс екенін атап өтті.
Автор: Айжанат Бақытқызы