Риддерліктер де «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты
Риддердегі Журавлиха өзенінің жағалауында ауқымды тазарту жұмыстары өтті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 200-ден астам адам қатысты. Оның ішінде қала тұрғындары, волонтерлер, «Жасыл ел» жасағының мүшелері, ардагерлер кеңесі, Amanat партиясының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және коммуналдық қызметтер бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Акция таңертең ерте басталды, еріктілер қоқыс салатын қапшықтармен, тырнауыштармен және басқа да құралдармен қаруланып, жұмысты құлшыныспен бастады. Қатысушылар жағажай мен оған іргелес аймақтарды мұқият тазартып, пластикалық бөтелкелер мен шыны сынықтардан бастап, бұтақтар мен жапырақтарға дейінгі барлық қоқысты жинады.
Тазарту жұмыстары барысында 2 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында Журавлиха жағажайы қайтадан қала тұрғындары үшін таза және қауіпсіз демалыс орнына айналды.
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев мұндай іс-шаралардың жалғасатынын айтып, барлық қала тұрғындарын тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды.
Риддер қаласының тұрғындары, волонтерлар мен түрлі ұйым өкілдері біріккен күш-жігердің маңызды нәтижеге әкелетінін дәлелдеді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 6 сәуірде басталған және облыс бойынша 533 мың адамды қамтыды. 204 саябақ пен скверді, 323 тарихи-мәдени ескерткішті және 859 әлеуметтік нысанды тазарту үшін 6,4 мың техника жұмылдырылды. 6,8 мың су нысаны, 26 субұрқақ және 370 шақырым арық тазартылды. 82 мың ауладан 29 мың тонна қоқыс шығарылды.
Облыстың елді мекендері мен ормандарына 53 мыңнан астам көшет егілді.
Риддерде экоакция аясында 30-дан астам іс-шара өтіп, 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды.