KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Таза Қазақстан: Игі үрдісті күршімдіктер жалғады

16.07.2024, 16:10 178 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шығыс өңірінде экологиялық акция жалғасып жатыр. Бұған дейін Ұлан, Тарбағатай аудандарының тұрғындары тазалық жұмыстарына жұмыла кіріскен болса, игі үдерісті күршімдіктер жалғады.

«Таза ауыл» деп аталған іс-шараға 150-ден астам тұрғын қатысып, өзен бойы мен су арналарын тазартып, жарты тонна қоқыс жинады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып келеді. Бұл жолы «Таза ауыл» атты акцияға да қолдау білдіріп, ауыл маңындағы су арналары мен жағалауларын тазартқан.

– Ауылдың, өзен жағалаулары мен көшелерін тазалауға 150-ден астам адам шықты. Аталған шараға мемлекеттік мекеме, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты, – делінген Күршім ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жалпы бұл акция табиғатқа құрметпен қарауды насихаттауға бағытталған. Тазалық акциясы барысында бір жүк тиегіш және қоқыс шығаратын арнайы көлік техникасы пайдаланылып 500 келіге жуық қоқыс шығарылған. Ал тұрғындар болса, ендігі кезекте әркім өз аумағын таза ұстап, өзен жағалауына қоқыс жәшігі орнатылса деген пікірлерін айтуда.

– Әркім өз аумағын таза ұстаса, еріктілер мен тұрғындар өзен арналары мен су жағалауларын, көшелерді тұрақты тазалап тұруға әдеттеніп қалғандай. Десе де жаз маусымында су жағалауларына киіз тігіп, шатырмен демалатын адамдар бар. Сондықтан да өзен жағалауларына қоқыс жәшіктері орнатылса дұрыс болар еді, – дейді Лазира Айдарханова есімді әлеуметтік желі қолданушысы.

Осылай биылғы көктемде басталған тазалық акциясы өңірлерде жалғасын тауып келеді.     

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу