KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 2,7 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

ШҚО-ның үздік құрылысшылары марапатталды

9.08.2024, 20:30 146 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамуда. Аталған сала өңір экономикасында маңызды рөл атқарады. Бүгін Құрылысшылар күні қарсаңында Өскеменде осы саланың үздік қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz. тілшісі.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Құрылыс саласы – экономиканың қозғаушы күші, мыңдаған адам еңбек етіп жүрген ауқымды сала. Бүгінгі салтанатты шараға қатысушылар арасында Өскемен қаласындағы зәулім ғимараттарды салып, көркейткен ардагерлеріміз аз емес. Біздің міндетіміз – осы құрылыстарды сақтап, болашақты бірге жасау. Өңіріміз бұдан да көркейіп, дамуы үшін кәсіби құрылысшылар қажет. Сондықтан біз дуальді оқыту бағдарламасын қолдана отырып, сапалы мамандар дайындау ісін жалғастырамыз. Құрметті құрылысшылар, сіздердің тәжірибелеріңіз бен еңбекқорлықтарыңыз, білім-біліктеріңіз алда тұрған ортақ міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сіздерге толағай табыс, отбасыларыңызға денсаулық пен бақыт тілеймін!»,-деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы «Құрмет» ордені, «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі мемлекеттік наградаларымен, сонымен қатар «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған өңірдің үздік құрылысшыларының есімдерін жариялады.

Марапатталғандар қатарында 30, 40, тіпті 50 жылдық еңбек өтілі бар монтажшылар, машинистер мен инженерлер бар. Бүгінде олар Бұқтырма көпірінің құрылысы, Риддер жылу электр орталығын жөндеу, сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан басқа да ірі жобаларға қатысуда.

«Құрылыста еңбек еткеніме 36 жыл болды. Біздің ұжым қаламыздың жаңа аудандарында бой көтерген көптеген тұрғын үй кешендерінің құрылысына қатысты. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, баршаңызға жақсылық, отбастарыңызға амандық тілеймін. Құрылыс мамандығында білім алып жүрген жастарды құрылыс алаңына, еліміздің игілігі үшін еңбек етуге шақырамын», – дейді «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталған Ержан Мақажанов.

Мерекелік іс-шара шығысқазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен әсерлі шоу-бағдарламамен аяқталды.

Айта кету керек, жыл соңына дейін облыста 400 мың шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға артық.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан маңызды әлеуметтік жобалардың қатарында Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешені мен Өскемендегі әлемдік стандартқа сай гематологиялық орталықтың құрылысын атап өтуге болады.

                                               









Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив