ШҚО-да техникалық кадрларға деген тапсырыс ұлғайды
Фото:egemen.kz
Аймақта мектеп түлектерінің шетелдік оқу орындарына кетуін азайту үшін жыл сайын «Білікті маман» жобасы бойынша облыстың ЖОО-да оқуға мемлекеттік білім гранттары беріледі, деп хабарлайды Altainews kz тілшісі.
Жобаны іске асырудың нәтижесінде мектеп түлектерінің шетелдік ЖОО-ға кетуі 2017 жылы 1800 адамнан 2024 жылы 268 адамға дейін төмендеген.
«Білікті маман» жобасы аясындағы білім гранттары білім беру, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, құрылыс, ветеринария және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша беріліп жатыр.
2024-2025 оқу жылына жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі 270 грантты құрап отыр.
Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарына білім беру тапсырысы - 220 орын, Абай облысының медициналық жоғары оқу орындарына нысаналы білім беру тапсырысы - 50 орын.
Сонымен қатар, облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде дуалды оқытуды іске асыру – кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес кадрларды даярлау және практикалық оқыту сағаттарын ұлғайту жөніндегі жұмыстар да сәтті жалғасуда.
Мысалы, өңірдегі жылу электр орталықтарын мамандармен қамтамасыз ету үшін Өскемен жоғары политехникалық колледжінің 19 түлегі «Согра ЖЭО» ЖШС-де 200 мың теңгеден астам еңбекақымен тәжірибеден өтті. Колледжді бітіргеннен кейін 15 түлек осы кәсіпорынға жұмысқа орналасып, 4 түлек ЖОО-ға түсті.
Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі облыс колледждерінде 12%-ға ұлғайтылып, 6 630 орынды құраған.
Балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсету үшін ағымдағы жылдың басынан бастап «Мейірім» патронаттық кәсіпорындарының корпоративтік тәлімгерлік акциясы қайта басталды.
«Бүгінгі таңда патронаттық ұйымдар Отбасы банкіндегі балалар үйлерінің 210 тәрбиеленушісіне арналған шоттарға 30 миллион теңге аударды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, облыс балаларына қолдау көрсету қажет деп санаймын»,-деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Жанаргүл Мұқатай