ШҚО-да қар тазалау техникасының 5 жол-өндірістік басқармасы бар
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Жұмаділов облыс әкімінің мәжілісінде хабарлағандай, қазіргі уақытта Өскемен қаласында 53 бірлік, Шемонаиха қаласында 8 бірлік, Үлкен Нарын ауылында 14 бірлік, Ақжар ауылында 11 бірлік, Самарда 15 бірлік, Күршімде 18 бірлік техника қар тазалау жұмыстарына дайын тұр, деп хабарлайды Altainews kz.тілшісі.
Сонымен қатар, климаттық жағдайлары қиын жерлерде төрт жол жөндеу пункті (Тарғын ауылы, Марқакөл ауылы, Егіндібұлақ ауылы, Шемонаиха), төрт жылу пункті (Ұмыш асуы, Тарғын ауылы, Егіндібұлақ ауылы, Урунхайка а.) орналасқан.
"Әрбір құрылым білікті жұмысшылармен және тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өндірістік үй-жайлар мен бокстар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған және қысқы жағдайдағы жұмысқа дайын", – деді басқарма басшысы.
Белгілі болғандай, төтенше жағдай кезінде облыс жолдарында 166 бірлік қосымша жұмылдыру техникасы көмекке келуге әзір.
Айта кетейік, өткен қыста қардың қалың жаууы, жолдың нашар көрінуі және қар көшкіні қаупінің сақталуы салдарынан облыстық жолдар 44 рет жабылған.
Нұржан Кенжеұлы