Өскеменде «Жасанды интеллект – кітапхана саласында» конференциясы өтіп жатыр
Оралхан Бөкей атындағы ортақтандырылған қалалық кітапханада «Жасанды интеллект – кітапхана саласында» атты екікүндік республикалық конференция өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық облыстары мен аудандарымыздан сексеннен астам кітапхана қызметкері жиналып, жасанды зерденің өмірімізге енуінің маңыздылығы туралы ақпараттармен танысты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Оралхан Бөкей атындағы ортақтандырылған қалалық кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітова конференцияның мақсаты – кітапхана жұмысын жасанды интеллект арқылы заманауи үлгіде дамыту екенін айтты. Ресей Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов жасанды зерденің шығу тарихынан бастап, өмірімізде қалай қолдануға болатынына дейінгі қызықты мәліметтермен бөлісті.
Конференция аясында кітапханашылар лекциялар ғана тыңдап қоймай, мастер-кластарға қатысып, жасанды интелектті қолдану туралы білім көкжиектерін кеңейту мүмкіндігіне ие болды.
Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сания Серікқызы жасанды зерде туралы бұрыннан ізденіп жүргенін, енді осы ауқымды шараға келгеніне өте қуанышты екенін жеткізді. Кітапхана басшысы конференцияда жасанды интеллектті пайдалану бойынша алған білімдерін жұмыстарында басшылыққа алатындарын айтты.
Фото және видео: Махаббат Ахметжанова