Өскеменде Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай республикалық конференция өтті
Облыс орталығындағы О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерін қозғаушы күш» атты Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған республикалық конференция өтті.
Екі күнге созылған іс-шараға Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының және Астана қаласының кітапхана мамандары, ШҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов пен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Артынша жиналғандарға «Оралхан Бөкей – сандық үлгіде» тақырыбымен жазушы мұрасы топтастырылған сайт таныстырылды. Сондай-ақ АҚШ-тың Остин қаласындағы Техас университетінің кітапхана ісі жөніндегі профессоры Дэвид Ланкесстің бейнебаяндамасы көптің көңілінен шықты. Түстен кейін «VR КИІЗ ҮЙ», сандық үлгідегі дизайнды үйрететін «IT – arular mektebi» сынды жобалар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді үйрететін "Кел, сөйлесейік!" клубы, жеті атаны білуге насихаттайтын «Ататек» бағдарламасы, «Оюлар сөйлейді...» көрмесі мен «Тақия-той» байқауы таныстырылды. Конференцияның алғашқы күні «Қазақстан кітапханаларының келешегі және болашақ кітапханалары» атты дөңгелек үстел форматындағы талқылаумен аяқталды.
Конференцияның екінші күнінде қонақтар кітапхана бөлімшелерімен танысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Ең бірінші «Шығыс» ауылына барып, №12 кітапхана бөлімшесіндегі қандас балаларға сандық үлгідегі заманауи технология түрлерінің қалай үйретіліп жатқандығы таныстырылды. Одан соң №2 кітапхана бөлімшесінде балалар мен жасөспірімдерге экологиялық тәлім-тәрбие беретін «Борис Щербаковтың жасыл үйі» орталығы паш етілді. Онда белгілі орнитолог Б.Щербаков сөз сөйлеп, Шығыстың Қызыл кітабы мен "Жас эколог" зертханасын көрсетті. Сапар соңында Орталық балалар кітапханасына барып, балалар мен жасөспірімдердің заманауи технологиялық сауаттылығын арттыру және еліміздің ғарыш саласын дамытуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған «Ғарышқа жол кітапханадан басталады!» атты жоба таныстырылды. Қатысушыларға Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сариннің қолы қойылған сертификат табысталды. Содан кейін кітапхана мамандары конференция жұмысын қорытындылып, ұсыныс-тілектерін айтты. Енді оның барлығы ҚР мәдениет министріне үндеу ретінде жолданады. Үндеуде ҚР кітапханаларын автоматтандыру және цифрландыру бойынша Жол картасын әзірлеу, типтік штатқа күрделі түзетулер енгізу, кітапханашылардың қызметін заманауи талаптарға сәйкес өзгерту, жоба жазу мәселелері бойынша тегін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру сынды мәселелер көтерілмек.