KZ
Өскемен
+1°
снег жел 1 м/с, СШ
487.24 529.34 5.02

Ербол Нұрғалиев: “Әлімжеттік жасағандар мен оны жасырғандарға еш мүсіркеушілік болмайды!”

10.10.2024, 14:00 343 Нұржан Кенжеұлы

Көп жағдайда мектептердің басшылығы білім ордасында болған оқушылар арасындағы буллинг фактілерін жасырып қалуға тырысады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев арнайы жиында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

Бүгін облыс әкімдігінде жергілікті Полиция департаменті, Прокуратура, аудан-қала басшылықтары және басқа да ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті. Сондай-ақ басқосуға бала құқықтары жөніндегі және адам құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысты.

Жиын барысында облыста бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс күткендей нәтиже бермей отырғаны туралы айтылды. Ербол Нұрғалиев аталмыш мәселеге келгенде жауапты органдардың жұмысына бірізділік жетіспейтінін қадап айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері біздің облыста елді елең еткізген бірнеше оқиға болды. Сондықтан бұл мәселеге жіті назар аударатын кез келді деп ойлаймын. Жалпы, біз әрқашан бір нәрсені жасыруға тырысамыз. Бұл – әсте дұрыс емес. Зорлық-зомбылық немесе қорқыту фактілері тіркелсе, олар туралы ашық айту керек. Мұндай жағдайлар әр мектепте бар деп айтуға болады. Соған қарамастан біз көп жағдайда үнсіз қаламыз. Сондықтан мектептердің басшылықтарынан, мұғалімдер ұжымдары бұл мәселеге келгенде үнсіз қалмай, ашықтықты ұстануы тиіс, – деді Ербол Нұрғалиев.

Облыс әкімінің орынбасары осындай құқықбұзушылықтардың барлығы түбегейлі тексеруді қажет ететінін де айтты.

– Заң бәріне бірдей. Егер мектептерде буллинг фактілері тіркелсе, кінәлілер заң талабына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс. Ешкімге мүсіркеушілік болмайды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталуы да бекере емес. Сондықтан, бұл мәселеге қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Облыстық білім басқарамысына психологтарды тартып, әр мектепте құпия сауалнамалар жүргізуге тапсырамын. Ондағы мақсат – оқушылар арасында қысым көрсету, бопсалау әрекеттері бар-жоғын анықтау. Ондай фактілер анықталса, бірден істі болған балалардың ата-аналарына хабарлау керек. Балалар өздерінің әрекеттері үшін жауап беретінін түсінуге тиіс. Тіпті, ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін. Осы мәселеге баса назар аударыңыздар. Сол сияқты, мұғалімдермен де жұмысты күшейткен абзал. Қалай болғанда да мектептегі зорлық-зомбылықпен жүйелі түрде күресу керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив