Сәкен Сейфуллин – 130: Өскемен мектептерінде әдеби іс-шаралар өтіп жатыр
Облыс орталығындағы мектептерде қазақтың көрнекті ақыны әрі жазушысы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай көптеген әдеби-мәдени шаралар, онлайн сабақтар ұйымдастырылды.
Білім ордаларының кітапханаларында кітап көрмесі қойылып, оқушылар Сәкен Сейфуллиннің Отан, туған жерінің сұлулығы туралы өлеңдерін жатқа оқыды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сәкен Сейфуллин жас ұрпаққа жол сілтеуді, оларға өмірде бағыт-бағдар беруді өзінің парызы деп санады және замандастарынан да соны талап етті. «Егер сендер оқуда, өз қызметтеріңде, шығармашылықтарыңда жастарға көмектеспесеңдер, келесі ұрпақтың тағдыры сендердің ар-ұждандарыңда болады» деп ашық айтты. Оның поэзиясының негізгі идеясы құндылықтар мен достыққа адалдықты дәріптеу болды.
Сабақты облыс орталығындағы №47 орта мектебінің мұғалімі Еркежан Құсайынова жүргізді. Студияда осы мектептің оқушылары жұмыс істесе, Өскемен қаласы мен облыстың басқа білім ошақтарының оқушылары онлайн форматта қатысып, ағартушының өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа мағлұматтарға қанықты.
Сабақ соңында оқушылар Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне, өміріндегі "ақтаңдақтарға" арналған викторинаға қатысып, білім көкжиектерін кеңейтті.