KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Өскеменде жол ақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшу мәселесі талқыланды

23.10.2024, 09:15 101 Айжанат Бақытқызы

ШҚО-да көлік саласын цифрландыру, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өскеменде күн сайын шамамен 268 қоғамдық көлік қатынайды. Оның ішінде 220 автобус, 41 шағын автобус және 7 трамвай, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығының ақпараты бойынша, 2019 жылғы 1 қазанда «Қалалық жолаушылар көлігін диспетчерлеудің ақпараттық жүйесін құру арқылы Өскемен қаласының қоғамдық көліктерінде жол жүру ақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу және сүйемелдеу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша келісім жасалған. Жеке серіктес - «IBA Kazakhstan» ЖШС. 
  
Жобаны іске асыру шеңберінде Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығының базасында мәліметтерді өңдеу, диспетчерлік басқару, эмиссия және тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтары бар инфрақұрылым құрылды.

Көлік карталарын сататын және толтыратын 53 пункт ашылды. Оның 42-сі сату және толықтыру пункті болса, 11-і азаматтардың жеңілдікті санаттарына карта беру пункттері.

Қаламызда автобустардың қозғалысын көру және аялдамаға келу уақытын бақылау үшін Oskemenbus мобильді қосымшасы жұмыс істейді.

Көлікте орнатылған перифериялық жабдық жүргізушілерге дабыл хабарламаларын жылдам жіберуге немесе диспетчерге тікелей қоңырау шалуға мүмкіндік береді, осылайша қозғалыс кезінде және төтенше жағдайларда маңызды жағдайларға жылдам әрекет етеді.

Қолданыстағы автоматтандырылған жүйе жолаушыларға жүргізушінің немесе кондуктордың қатысуынсыз өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы жол ақысын төлеуге мүмкіндік береді. 

Бұл жүйе тасымалданған жолаушылар саны мен санаттарын, тасымалдау бағыттары мен уақытын талдай отырып, жолаушылар ағынын бақылайды. Мысалы, 2021 жылғы қыркүйек айымен салыстырғанда биылғы қыркүйекте жолаушылар ағыны 45 пайызға артқан. 
Бағдарлама жүзеге асырылған мерзімде жолаушы тасымалдаушылар 207 көлік құралын сатып алған. Оның ішінде 90 көлік құралы биыл сатып алынса, жыл соңына дейін тағы 34 көлік құралын сатып алу жоспарланып отыр.

Қазіргі жүйенің кемшілігі де жоқ емес. Мәселен, көлік картасын онлайн толтыру және көлік қосымшасы бар банк карталары, әлеуметтік карталар, ұялы телефондар (NFC), смс-төлем сияқты баламалы төлем түрлері қарастырылмаған.

«Биылғы желтоқсан айында «IBA Kazakhstan» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт мерзімінің уақыты аяқталады. Осыған орай, алдағы уақытта жолаушыларға қызмет көрсету үшін «Оnay» және «Avtobys» мобильді қосымшаларының тиімді тұстары пысықталып жатыр»,-дейді «Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС директоры Арман Искаков.

Орталық басшысының айтуынша, аталған компаниялардың бірінің қызметіне ауысқан кезде жолақысының құны сақталады, жолаушылар төлемді әдеттегідей QR-код немесе көлік номері арқылы төлей алады және төлем картасын онлайн толықтыра алады. Жолақысы мемлекет тарапынан субсидияланатын болғандықтан, мектеп оқушылары мен жеңілдікті санаттағы тұрғындар ғана карта алатын болады.


 


Айжанат Бақытқызы



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу