KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Қоғамдық көлік қолайлы болып келеді – ШҚО

21.06.2023, 16:32 262 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер бүгінде автоматтандырылған жүйеге толық көшті. Қала бойынша елу үш маршрут қамтылған.

Электронды жүйеге 262 автобус, 64 шағын автобус және 18 трамвай қосылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жалпы, бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқаны белгілі. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректеріне сүйенсек, қаладағы жолаушылар көлігін диспетчерлеудің ақпараттық жүйесін құрып, жолақы төлеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге 1 704,5 млн теңге жұмсалған.

Мамандар бұл жоба жол жүру жағдайын жеңілдетуге, маршруттық желіні оңтайландыруға және қаржылық тұрғыда ашықтық көрсетуге мүмкіндік бергенін айтады. Сондай-ақ бейінді басқарма өкілдері «IBA Қазақстан» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің көмегімен жүйеге қойылатын барлық шарт орындалғанын растап отыр.

Қазіргі уақытта көлік картасы қала ішінде 50 нүктеде сатылады. Жеңілдікпен берілетін карталар 13 нүктеде бар. Электронды жүйе енгізілген сәттен бастап бүгінге дейін 145,8 мың көлік картасы сатылған.

– «Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС базасында деректерді өңдеу орталығы, диспетчерлік басқару орталығы, процессингтік орталық, эмиссиялық орталық және тұтынушыларға қызмет көрсету орталығын біріктірген бірегей инфрақұрылым құрылды. Тасымалдау деректері автоматты түрде есептеледі. Адам факторының араласуы барынша азайтылды, – дейді «Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС директорының міндетін атқарушы Наталья Бутник.

Қоғамдық көлік қызметінің оңтайланғанының тағы бір көрінісі «Oskemenbus» деуге болады. Автобустарды онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік беретін әрі кері байланыс функциясын атқаратын мобильді қосымша іске қосылған сәттен бастап, шамамен, 220 мың рет жүктелген.

Жолақыны төлеудегі тағы бір жеңілдік – QR-код және SMS. Бұл тәсілді Kaspi.kz және Beeline компаниялары бірлесіп іске қосқан.

Электронды жүйе есебінен қоғамдық көліктің қызметі қаншалықты оңтайланғанын мына көрсеткіштер айқындайды. Бейінді басқарманың ақпаратына сүйенсек, қазір қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 85%-ға жетті, жолаушылар саны 31%-ға өсті. Іске қосылған сәттен бастап жүйе 76,3 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Нақтыласақ, 2021 жылы 12 млн жолаушыға, 2022 жылы 42,9 млн жолаушыға, 2023 жылдың алғашқы 5 айында 21,4 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. 2020 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жолаушылар ағынының көрсеткіші 176%-ға, 2021 жылдан бастап 86%-ға ұлғайды.

Ең бастысы, автоматтандырылған жүйе арқылы алынған деректер жол жүруді дұрыс субсидиялауға ықпал етеді. Тасымалдаушыларға төленетін қаражат көлік паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінде қала көшелерінде 101 жаңа автобус қатынап жүр. Соның ішінде 43 автобус пен 4 трамвай кресло-арбамен кіруге және шығуға арналған құралдармен жабдықталғанын айта кеткен жөн. 2023 жылдың соңына дейін тағы 47 автобус сатып алу жоспарланған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу