KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

Дубайдан бас тартып, ауыл мектебінде серпіліс жасаған ұстаз

24.10.2024, 17:15 127 Төлеуғазы Жансая

Аралбек Берікұлы екі жыл бұрын Дубайдағы және Республикалық физика-математика мектебіндегі жоғары лауазымдардан бас тартып, Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылындағы шағын мектептің директоры болуды таңдады. Бұл шешімі арқылы ол Қазақстандағы ауыл мектептерінің жаңа моделін қалыптастыруға жол ашты.

Аралбек келген кезде мектептің жағдайы сын көтермейтін: 5-сынып оқушылары көбейту кестесін білмейтін, ал жоғары сынып оқушылары 6-сынып деңгейіндегі тапсырмаларды орындай алмайтын. Мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Осылайша, Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation және әлемге танымал Michigan State University (MSU) қолдауымен «YBYRAI MEKTEBI» жобасы басталды.

Бұл жоба оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді біріктіретін инновациялық білім беру экожүйесін құруға бағытталған. Ауылдың тірегіне айналған комьюнити-орталық ата-аналарды оқу процесіне белсенді түрде тартып, оларды арнайы курстардан өткізіп, балаларын тәрбиелеу және дамыту жолында қолдау көрсетуде. Сонымен қатар бұл орталық ауыл балаларына робототехника, гидропоника, экология, медиа-сауаттылық сияқты үйірмелерге қатысу мүмкіндігін беріп отыр. MSU-мен бірлесіп әзірленген білім беру әдістемелерін қолдану арқылы ауылдық жерлерде де әлемдік деңгейдегі білім алуға жағдай жасалуда.

Жетістіктер:

  • 2022 жылы мектеп пен комьюнити-орталықты жаңартуға $1,1 млн бөлінді, инфрақұрылым жаңартылып, 15 жаңа үйірме ашылды, 173 оқушы тұрақты түрде қатысып жүр.
  • Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өсті, бұл оқу процесіне заманауи әдістерді енгізуге ықпал етті.
  • 2023 жылы үш оқушы облыстық дарынды балаларға арналған мектепке, бір оқушы IQanat High School Burabay-ға қабылданды.
  • ҰБТ бойынша орташа балл 53-тен 102-ге дейін өсті.

Аралбек Берікұлы: 

«Менің басты мақсатым - әрбір оқушының әлеуетін ашатын білім беру экожүйесін құру. Ата-аналар мен мұғалімдер бұл процестің белсенді қатысушылары болуы тиіс. Біз ауылдық білім беруді өзгертуге ұмтыламыз және бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз».

24 қазанда MSU және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы өкілдерінің қатысуымен жоба нәтижелеріне арналған конференция өтті. MSU профессоры BetsAnn Smith жобаның Қазақстандағы ауылдық білім беру үшін маңыздылығын атап өтіп: «YBYRAI MEKTEBI - бұл жаңашылдық пен қоғам қолдауы білім беру жүйесін өзгерте алатынының айқын мысалы» деп атап өтті.

Аралбек Берікұлы келісімшарты аяқталғанына қарамастан, ауылда қалуды шешті. Алдағы уақытта ол мектепті кеңейтіп, шалғай ауылдардан келетін оқушыларға арналған жатақхана салуды жоспарлап отыр. «YBYRAI MEKTEBI» жобасы ауылдық білім беру стандарттарын халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу