Қаражат қайтарылымы да, бөлінгеннің игерілуі де маңызды
Облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жауапты сала мамандарына Ұлан ауданына қарасты Айыртау және Герасимовка ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардағы жөндеу жұмыстарын 2-ші желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы бағыттағы жұмыстардың дер кезінде тапсырылуын Ербол Нұрғалиев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаевқа, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновқа жүктеді. Сонымен қатар, Нұрымбет Аманұлы алдағы уақыттағы облыстық бюджетті нақтылауда Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы мектепке күрделі жөндеуге игерілген аванстық сомаларды ескере отырып, ағымдағы жылдың 2 желтоқсанына дейін бөлінген бюджет қаражатын қайтаруды тапсырды.
Биыл Шығыс Қазақстанда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 89 жоба жүзеге асырылмақ. Осы мақсатта 10,9 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова мәлімдеді.
Шығыс Қазақстан облысы ауыл тұрғындарының саны бойынша республика көлемінде 12-ші орында тұр. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» аясында бөлінген қаражаттың жалпы көлеміне байланысты еліміз бойынша жетінші орында, ауыл тұрғындарының жан басына шаққанда Шығыс Қазақстан республика көлемінде үшінші орында тұр.
Ажар Сағатбекова