Инклюзивті білім беру бойынша ШҚО алдыңғы қатарда
Шығыс Қазақстан облысында инклюзивті және арнайы білім алатын 11 мыңнан астам бала бар, оның ішінде 6 мыңға жуығы Өскемен қаласында оқиды, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен «Инклюзивті білім беру жағдайында білім беру процесін басқару: заманауи тәсілдер мен тәжірибе» атты семинарда айтылды.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит және С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Ровнякованың қатысуымен өткен шарада инклюзивті білім беру жағдайында балаларды оқытудың заманауи басқару стратегиялары, инклюзивтік мәдениетті қалыптастыру, балаларды қолдаудың технологиялық құралдары сияқты өзекті тақырыптар талқыланды.
Өскемен қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Нұргүл Капчикованың айтуынша, биыл қаладағы білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі 2010 бала білім алуда.
Оның ішінде 552 бала арнайы сыныптарда, 180-і үйде, ал 1278-і жалпы білім беретін сыныптарда жеке бағдарлама бойынша оқиды.
Соңғы үш жылда ерекше қажеттіліктері бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 1860-тан 2010 балаға дейін артты. Педагог-ассистент мамандардың саны 49-дан 124 бірлікке дейін өсті. Сонымен қатар, арнайы білім алатын балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер саны 44%-ға артты. Бүгінде барлық қала мектептерінде пандус орнатылған.
Сондай-ақ, университет базасында жұмыс істеп тұрған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға диагностикалық, психологиялық және арнайы білім беру қызметтері көрсетіледі.
Айжанат Бақытқызы