KZ
Өскемен
-5°
туман жел 2 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Өскемендегі жылу трассасындағы жағдай: Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жойылған ақаулық

Бүгін, 15:20 39 Төлеуғазы Жансая

Өскемен қаласы Сәтпаев даңғылындағы №10 жылу магистралінде орын алған құбырдың жарылуын жөндеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізілді. Мамандар топырақты қазып, суды сорғылап шығарып, жарылу орнын дәнекерлеу жұмыстарына дайындады. Қазіргі уақытта жылу магистралін жөндеу толық аяқталды, деп хабарлайды Altainews.kz. 

— Сағат 13:00-де апат толықтай жойылды. Бір сағаттың ішінде магистральдық желі суға толтырылып, Сол жағалаудағы тұрғындарға жылу беріледі. Бұл жағдайлы жойып, жарылған құбырды қалыпқа келтіруге қажетті барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды. Бұл мәселе тәулік бойы облыс басшылығының назарынан түскен жоқ. Түн жарымда нысан басына келіп жағдайғ көз жеткізген аймақ басшысы таң атысымен тағы бір мәрте келіп, жұмыс нәтижесін өз көзімен көріп қайтты. Құбыр жарылуының себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, ол технологиялық ақауларды тексеретін болады, — деп мәлімдеді ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.  

«Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясы департаментінің директоры Асқар Оспановтың айтуынша, жарылу болған жерде тәулік бойы 28 адам жұмыс істеп, 5 техника тартылған. Ақаулықпен күрескен жұмысшылардың бірі дәнекерлеуші Антон Гордеевтің туған күні осы күне тұспа-тұс келген екен. Төл мерекесін жұмыс үстінде қарсы алған маман соңғы бірнеше жылда мұндай ауқымды құбыр жарылу мәселесі болмағанын алға тартты.

— Бүгін туған күнім. Отбасым мұндай жағдайларға түсіністікпен қарайды, өйткені шұғыл шақыртуларға жиі шығамыз. Мерекені кейінге қалдыруға тура келді. Өз тәжірибемде небір шұғыл жайттар болды әрине, бірақ біз бәрін еңсердік және алдағы уақытта да жұмысымызды лайықты деңгейде атқарамыз, — деді ол. 

«Шығыс Жылу» АҚ Сол жағалау жылу желілері аудандық бөлімшесінің басшысы Олег Бондарьдың айтуынша, дәнекерлеу жұмыстары өте қысылтаяң әрі қиын жағдайда жүргізілген.  

— Құбырдағы бірнеше ақау жұмысты қиындатты. Құбырдың беткі жағында емес, түйіскен бірнеше жерінде жарылу орын алған. Бұл дәнекерлеуді техникалық тұрғыдан күрделендірді және қадам-қадаммен атқаруға мәжбүрледі. Алайда, жүйені тезірек қалпына келтіріп, тұрғындарға жылу беру үшін жұмысты еш тоқтатпадық, — деп түсіндірді ол.  

Оның айтуынша, түнде 10 слесарь, 2 дәнекерлеуші және 7 техника (жүргізушілер) жұмылдырылған. Барлық құрам тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істесе, дәнекерлеушілер ғана ауысып отырған.

— Біз әдетте 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейміз, бірақ бұл жолы 24 сағат тоқтаусыз еңбек етуге тура келді. Түнде әрі балшықта жұмыс жасау қиын болды, күндіз болса, екі есе тез аяқтаған болар едік. Жөндеу жұмыстары барысында зауыттық ақау табылып, жұмыстардың ұзақтығын арттырды. Негізі құбырдың өзін алып қарасақ жағдайы, сапасы жақсы. Қабырғасының қалыңдығы 8 мм. Бірақ сол зауыт ақаулығы осы жарылуға себеп болды ма деп отырмыз, — деді Олег Бондарь.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу