Агроөнімдер тікелей тұтынушыға: «Алтай» КТО мүмкіндіктері таныстырылды
Өскемен қаласында ашылған «Алтай» көтерме-тарату орталығы Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сатып алуға мүмкіндік береді. Орталықтың жұмысымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова арнайы танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сапар барысында Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың өнімдер көрмесін аралап көрді. Бұл бағдарлама аясында несие алып, кәсібін дамытып жатқан кәсіпкерлердің жұмысы жоғары бағаланды.
Балдан тәтті сусындар жасайтын кәсіпкер осыдан екі ай бұрын өндірісін тоқтатуға мәжбүр болған еді. Алайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы оның кәсібіне екінші тыныс берді.
Қазіргі уақытта кәсіпкердің өндіріс ауқымы да айтарлықтай кеңейген. «СПК Omartashy KZ» кәсіпорны балдан медовуха әзірлеумен қатар, Шығыстың тау бөктерінде өсетін дәрілік шөптерден жасалған қара шай, Күршімнің қарбызынан кептірілген жемістер, қарбыз қабығынан мармелад, ал қарбыздың өзінен тіл үйірер тосап дайындаумен айналысуда. Осы кәсібін дамыту үшін кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29 530 000 теңге несие алған.
«СПК Omartashy KZ» кәсіпорны алдағы уақытта балдан тәтті кәмпиттер өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда компанияда 9 адам жұмыс істеуде, ал кәсіпкер болашақта тағы 15 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс ауқымын кеңейтуді көздейді.
Ақерке Рағызбаева