Жастар «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында пікірталас өткізді
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы жастар орталығында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
25 қараша күні БҰҰ-ның 1999 жылы қабылдаған шешіміне сәйкес, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні атап өтіледі. Осыған орай, 26 қарашада Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жастар орталығында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Шығыс Қазақстан облысының талдау және болжау институтының жетекшісі Аяужан Ашимова қатысты.
Шара барысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешуде қоғамның бірлескен күш-жігерінің маңыздылығы ерекше аталып өтті. Қатысушылар гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғау үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін талқылады.
Айта кету керек, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдар мен шаралар «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында өткізіледі. Бұл бастама 25 қарашада басталып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін жалғасады.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасынан