Елімізде "Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн" акциясы өтеді

Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
Түркістанда өткен Балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстелде ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» акциясы өтетінін айтты.
Дархан Қыдырәлінің сөзінше, министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары ретінде бірінші орында жаман әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, ойындарға құмарлық) тұрғанын атап өтуге болады. Респонденттердің жартысынан көбі осындай жауапты таңдаған (55,3%), деп хабарлайды Altaynews тілшісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
- Сондықтан күрделі мәселелер бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатыр және оны министрлік те жан-жақты зерделеп, өз құзыреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді, - деді министр.
Атап айтқанда, 2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарылды.
Дөңгелек үстелде министрлік ҚҚДИ дайындаған “Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулықты” ұсынды. Нұсқаулық статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтып отыр.
- Қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты алаңдаушылықты негізге ала отырып, оның алдын алу және қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған да баршаңызды бірлесе атсалысуға шақырамын, - деді Дархан Қыдырәлі.