9 желтоқсанда магистратураға грант тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады
Фото: depositphotos.com
9 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Ол 13 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады. Магистратураға түсушілер 4 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 10 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың 32%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 71 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл. Ең жоғары балл – 135. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 10 қаңтары аралығында жүргізіледі.
Республикалық апелляциялық комиссияға 5,5 мың өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 5,1 мың, техникалық себептерге байланысты 344 өтініш түсті. Апелляциялық комиссияның шешімімен 54 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 44, техникалық себептерге байланысты – 10 тапсырма. Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.