Магистратура емтиханына шпаргалка апарғандар оқуға түсу мүмкіндігінен айырылды
Фото: egemen.kz
Тестілеу басталғалы 23 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 73 балл. Ең жоғары балл – 130.
Тестілеу басталғалы 149 қатысушының нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оның ішінде 92 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Кешенді тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 57 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.
Естеріңізге сала кетсек, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш келіп түсті.
Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 22 шілдеде басталды және 10 тамызға дейін жалғасады.
Биыл магистратураға түсу ережесі өзгерген жоқ. Кешенді тестілеу үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.
Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тестен босатылады.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда онлайн апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қаралады.
Тестілеу сертификаты оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балл да өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.