KZ
Өскемен
-28°
туман жел 2 м/с, З
514.93 536.04 5.18

Аудан дамуында ілгерілеу бар

24.12.2024, 18:30 42 Гульжан Мусина

Ауданның қай саласы да өткен жылды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелермен қорытындылады. Күршім ауданының тұрғындары үшін жол, жарық және жылу мәселелерінің шешілуі басты назарда. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өткендей, бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда,- деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Ауданды жарықтандыру мен ауылдық округтерді абаттандыру – бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін, жайлы өмірін және табиғи ортаға деген қамқорлықты қамтамасыз ететін кешенді шаралар. Мұндай жобалар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен қатар, елді мекендердің болашағын айқындайды. Сондықтан бұл мәселеге ерекше мән беру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болуы тиіс. Аудандағы инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалған шаралар ауданның өркендеуіне негіз болуда. Мәселен, 2024 жылы Күршім ауданының көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын тапты. Исабеков, Қайшентаев, Тәуелсіздік, Әкімжанов, Көкшетау көшелеріне толықтай жарық орнатылса, Маралды ауылында 40 жарық бағаны қойылды. Теректібұлақ, Ақши, Құйған ауылдарының көшелері де жарықтандырылып, тұрғындар үшін кешкі уақыттың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Ауданды жарықтандыру және ауылдық округтерді абаттандыру – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын басты бағыттардың бірі. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жалпы аумақтың эстетикалық көрінісін жақсартуға бағытталған. 2022 жылы ауданда 1361 жарықтандыру бағаны болса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 340 бағанға артты. Ал 2024 жылы қосымша 653 баған орнатылып, жалпы саны 2354-ке жетті. Жарықтандыру жұмыстары тек көше көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Күршім ауылы мен ауылдық округтерде абаттандыруға ерекше мән берілді. Құйған, Сарыөлең, Қаратоғай, Мульковое ауылдарында және Күршімнің Қайшентаев, Новая, Баймұхамбетов көшелерінде балалар ойын алаңдары мен спорттық кешендер орнатылды. Бұл тек ауылдың көркіне сән беріп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік тудырып отыр.

Биыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланды. Соған сәйкес облыста атқарылатын жол жөндеу жұмыстарының көлемі де, бөлінетін қаржысы да былтырғымен салыстырғанда екі есе артты. Барлығы жүзден астам жоба іске асырылып келеді. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 600 шақырым облыстық, аудандық маңызға ие автокөлік жолы ретке келтірілуде. Еліміздегі ең ірі көпірдің құрылысы да биыл аяқталды. Осы тұста Күршім ауданындағы жол инфрақұрылымы айрықша жаңғыртылуда. Аудан аумағымен өтетін 375 шақырым жолдың 241 шақырымы облыстық, ал 134 шақырымы аудандық маңызы бар.

2023 жылы нормативтік жағдайдағы аудандық жолдардың үлесі 79,8%-ға жетті. Ал 2024 жылы 40,4 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 1,9 млрд теңге бөлінді. «Күршім-Қалжыр-Бурабай», «Күршім-Алғабас», «Маралды-Үшбұлақ» сияқты маңызды бағыттар орташа жөндеуден өтіп, бірнеше елді мекеннің көшелері асфальтталды. «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Ақши мен Қаратоғай ауылдарының көшелері де жаңартылды.

Аудан тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету жұмыстары ерекше бақылауда. Ауданда ұзындығы 7,9 шақырым болатын жылу желілері мен төрт орталық қазандық жұмыс істейді. 2024 жылы №1 және №5 қазандықтарға жылу желілерін қайта жаңарту үшін 327,8 млн теңге бөлініп, нәтижесінде қосымша 9 көпқабатты үй, сот ғимараты мен балабақша жылуға қосылады деп күтілуде. Ауданға қажетті 25 909 тонна көмір толығымен жеткізіліп, тұрғындар мен мекемелердің отынмен қамтылуы 100% қамтамасыз етілді. Бұл қыстың суығына төтеп беруде басты рөл атқарып отыр.

Күршім ауданында атқарылып жатқан барлық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және сапалы қызмет көрсету. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жол, жарық, жылу сияқты маңызды салаларда қарқынды жұмыстар жүргізіліп, олардың нәтижесі тұрғындардың әл-ауқатының артуына ықпал етуде. Бұл шаралар тек ауданның ғана емес, өңірдің даму деңгейін көрсетіп, тұрғындардың сенімін нығайтуға септігін тигізуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу