Күршім ауданының ахуалы және даму көкжиегі
Фото: pexels.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ басшыларына аудандардың жағдайын жақсарту мәселесіне назар аудару керектігін тапсырды. Ол үшін аудан-ауылдарды дамыту мақсатында тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтеру маңызды. Күршім ауданының экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері жыл сайын оң нәтиже көрсетіп келеді, - деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Ауданның негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары, инфрақұрылымдық даму және мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатқан жобалар. Ел экономикасының негізгі буыны саналатын ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы қай кезде де мемлекеттің басты назарында. Соның ішінде халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі аталған сектордың өркендеуіне байланысты.
2024 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тау-кен өндірісі 2,3 млн теңге болса, өңдеу өнеркәсібі 2,6 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі басты үлес «Торетогам» ЖШС (балық өнімдерін өндіру) және «ГРК Визол» ЖШС (асыл және түсті металдар өндірісі) кәсіпорындарына тиесілі.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20,5 млрд теңгені құрады. Оның 9,3 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына, ал 11,2 млрд теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Ауданда 37,4 мың бас ірі қара, 85,3 мың бас қой-ешкі, 19,2 мың бас жылқы және 12,7 мың бас құс өсіріледі.
Ауыл кәсіпкерлеріне арналған «Ауыл аманаты» жобасы да жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып, оң нәтиже беріп келеді.
Мемлекеттік қолдау аясында «Агробизнес» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы көптеген жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 32 адам жалпы сомасы 222,4 млн теңге несие алып, мал шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыттады. Бір кәсіпкер жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех ашса, басқалары ірі қара, ұсақ мал және жылқы шаруашылығын кеңейтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге шығаруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеп, оның ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өткен болатын. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тірегі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 5 жыл ішінде 2 есе арттыру міндетін қойды.
Ауыл шаруашылығының дамуы ауылдық аймақтардың әлеуметтік және экономикалық өрлеуіне ықпал етеді. Инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру осы саланы жүйелі түрде дамытуға тікелей байланысты.
Президент атап өткендей, ауыл – елдің негізгі тірегі, экономикалық қуатының қайнар көзі. Ауыл шаруашылығын ілгерілетпей, халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес. Сондықтан саланы дамытуға бағытталған құрылымдық және институционалдық реформалар ел экономикасының тұрақты өсуінің және халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың негізі болмақ.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарумен қатар, ішкі нарыққа да сапалы әрі қолжетімді өнім жеткізу міндеті тұр. Бұл үшін өнімді өңдеу саласын дамыту, заманауи технологияларды қолдану және салаға инвестиция тарту қажеттігі айқын. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру мақсатында шаруаларды озық тәжірибелер мен жаңа әдістерді меңгеруге ынталандыру да маңызды.
2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің 4,7 млрд теңгесі жеке инвестициялар болса, қалғаны мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар арқылы тартылған. Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1583-ке жетіп, жалпы экономикалық белсенділік деңгейін арттырды.
Күршімде қазіргі уақытта 148 сауда нысаны, 7 наубайхана, 8 дәріхана, 4 жанар-жағармай құю станциясы, 12 қоғамдық тамақтандыру орны, 19 тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорны жұмыс істейді. Бөлшек тауар айналымының көлемі 2,1 млрд теңгеге жетіп, шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 88%-ды құрады.
Күршім ауданының жалпы жер қоры 1,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде:
- Егістік жер – 21,2 мың га;
- Шабындық – 36,9 мың га;
- Жайылым – 746,1 мың га.
2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы 19,1 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарын бекіткен болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштің 99,7%-ы орындалды. Күршім ауданы даму жолында жаңа белестерді бағындыруда. Экономикалық көрсеткіштердің өсуі, инфрақұрылымның жақсаруы және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар ауданның әлеуетін одан әрі арттыра түспек. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Ел экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығын дамыту – тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де стратегиялық міндет. Бұл саладағы жетістіктер әр отбасының әл-ауқатына, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.