ШҚО-да «Жол жылы» аясында 600 шақырым ауыл жолдары жөнделді
Шығыс Қазақстан облысында биылғы «Жол жылы» бағдарламасы аяқталуға жақын. Бүгінде ол рекордтық нәтижелерге қол жеткізді. ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың мәлімдеуінше, бұл жоба өңірдегі жол инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартты. Жол жөндеу жұмыстары республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды да қамтыды, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
2024 жылы республикалық маңызы бар 392 шақырым автомобиль жолын жөндеу басталып, оның 110 шақырымы аяқталды. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы екі есе артып, жоба аясындағы басты жетістіктердің бірі болды.
Жолдарды жөндеу барысында негізгі маршруттар экономикалық тиімділікке және тұрғындар мен жүргізушілердің ұсыныстарына сәйкес таңдалды. Сонымен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдарға да ерекше назар аударылды.
Биыл шағын ауылдарға ерекше көңіл бөлінді. Бұрын асфальт жол болмаған 79 ауылда орталық көшелерді асфальттау кезең-кезеңімен басталады. Жоспар бойынша, бұл ауылдарда жалпы 120 шақырым жол жөнделіп, 6,9 миллиард теңгеге көше жарығы орнатылмақ.
Қазірдің өзінде 9 ауылда асфальт төселіп, оның төртеуінде орталық көшелер жарықтандырылды. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, туристер мен жергілікті кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасамақ.