KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
516.93 542.52 4.98

Интернетпен қамтылуы 94 пайызға жетті

Бүгін, 16:45 53 Гульжан Мусина

Самар ауданындағы 22 елді мекен, яғни өңір халқының шамамен 94 пайызы үшінші не төртінші буын мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы аудандық әкімдіктен хабарлады.

Белгілі болғандай, бір жыл көлемінде Самар ауданында 3G мен 4G интернетіне қол жеткізген елді мекендер саны жеті пайызға артқан. Дегенмен, ғаламтор желісіне қосыла алмай отырған не интернеттің сапасы төмен ауылдар да жоқ емес. Олардың арасында Палатцы, Новостройка, Жаңажол, Қойтас, Қаракөл, Песчанка, Раздольное ауылдары бар. Бүгінде 700-ден астам адам тұратын бұл елді мекендердің халқынан интернеттің жоқтығына немесе төмен жылдамдығына қатысты шағым көп түседі. Мұны аудан әкімдігіндегілер де мойындап отыр.

Самар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашевтің айтуынша, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.

– Қазір бұл бағытта ұялы байланыс операторларымен қажетті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Палатцы ауылында антенна-мачталық құрылыс салу жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері облыс бойынша 29 елді мекен кең жолақты интернетке қосылыпты. Республикалық жол картасына сәйкес, қалған 155 ауылды 2027 жылдың соңына дейін интернетпен қамтамасыз ету көзделуде. Бірақ біздің мақсатымыз – бұл мәселені екі жыл ішінде шешу. Самар ауданындағы 19 білім беру ұйымының 18-інде жоғары жылдамдықты интернетке қосылуды қамтамасыз ету үшін «Starlink» кешендері орнатылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, бүгінде 5 700-ден астам адам тұратын аудан орталығы Самар ауылында елімізде тіркелген барлық ұялы байланыс операторының базалық станциялары орнатылған. Атап айтсақ, ауылда Актив пен Кселл де, Билайн да, Теле2 мен Алтел де қолжетімді. Самар ауылындағы екі мектепте «Starlink» кешені орнатылған. Ал Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектепке «Қазақтелеком» компаниясының талшықтық-оптикалық байланыс желісі тартылған.

Дегенмен, аудан басшылығы ауыл тұрғындарынан ұялы байланыс пен интернет сапасына қатысты шағымдар түсетінін де жоққа шығармайды. Ауылда байланыс күшейткіштері, яғни  репитерлер бар. Қазір облыстық Цифрландыру және мұрағат басқармасы базалық станциялардың өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын қолға алып, репитерлерді жою жөнінде тұрғындармен келіссөздер жүргізуде.

Ауданда шұғыл шешуді талап ететін тағы бір мәселе бар. Ол – Самар ауданындағы туристік аймақтардың интернетпен қамтылуы. Бұқтырма жағалауына алыс-жақынна келетін туристердің айтатыны ұялы байланыс пен интернеттің сапасы.

Аудан әкімдігінен хабарлағандай, бұл мәселе де назарда.

– Бұл проблеманы шешу жолдарын қарастырудамыз. Мәселен, байланыс операторларымен бірлесіп демалыс аймақтарына антенна-мачталық құрылғылар орнату жұмыстарын қолға алдық. Яғни, біраз уақыттан кейін бұл проблеманың да түйіні тарқайды деген сөз, – деп сендірді аудан әкімінің орынбасары.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу