Өскеменде жауынгерлер есімі ұлықталды
Өңірдегі «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының дамуына Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үлкен үлес қосуда. Соның жарқын бір дәлелі – Өскемен қаласындағы №24 орта мектебінде оқушылардың ант қабылдау рәсімінің ұйымдастырылуы. Маңызы зор іс-шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты.
Шара аясында мектепте кадет сыныптары ашылып, оларға Тәжік-Ауған шекарасында шейіт болған 17 жауынгердің есімдері берілді. Атап айтқанда, кадет взводтары Қанат Едырышов, Ербол Исабаев және Анатолий Мешковтың есімімен аталды. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің бастамасымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне батыр жауынгерлердің есімі жазылған арнайы төсбелгілер тағылды.
Шара соңында ұйымдастырушылар батырларды еске алу мен құрметтеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл істердің болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс екенін жеткізді.
Айта кетейік, осындай кадет сыныптары бір ай бұрын Өскемен қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебінде де ашылған болатын.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі