Шығыстың волейболшылары тамаша өнер көрсетті
Фото: ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы
Наурыздың 21-і мен 27-сі аралығында өткен волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында жерлестеріміз тамаша өнер көрсетті.
Өскемендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған жарыста ұлдарымыз да, қыздарымыз да жүлделі орыннан көріне білді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Доп додасына 2009-2010 жылдары туған ұлдар мен 2007-2008 жылғы қыздар командалары қатысқан болатын.
Аса тартысты өрбіген жарыс қорытындысы бойынша бұрымдылар арасындағы сайыста Шығыс Қазақстан облысының құрамасы топ жарса, екінші орынға Қостанай, үшінші орынға Павлодар облыстарының командалары ие болды.
Ал ұлдар бәсекесінде Жетісу облысының құрамасы тұғыр биігінен көрінсе, екінші орынға павлодарлық волейболшылар табан тіреді. Ал үздік үштікті біздің облыстың командасы түйіндеді.
Айта кетейік, дәл осы күндері Орал қаласында 2009-2010 жылдары туған қыздар арасындағы ел чемпионаты өткен болатын. Және бұл біріншілікте де жерлестеріміз намысты қолдан бермей, үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алды. 17 өңірдің командасы қатысқан турнирде спорттағы дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық мектеп-интернаты-колледжінің командасы бірінші орынға ие болды.