"Өскемен-Алтай" жолында көшкінге қарсы жарылыс жұмыстары өтті
Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіндерінің алдын алу мақсатында құтқарушылар мен “Қазселденқорғау” мамандары бірлесіп, профилактикалық жарылыс жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шара "Өскемен-Алтай" республикалық маңызы бар автомобиль жолының 58-66 км учаскесінде өтті. Нәтижесінде 5090 текше метр қар түсіріліп, жол қызметтерімен жедел тазартылды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста жалпы саны 325 көшкін қаупі бар аймақ бар, олардың жағдайын "Қазселденқорғау" ШҚ филиалының мамандары тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Филиал басшысы Советбек Станбековтың айтуынша, қардың қалыңдығы арнайы қар өлшегіш құрылғылар арқылы өлшеніп, қажеттілік туындаған жағдайда көшкін түсіру шаралары қолға алынады.
Қар көшкіні қаупі көбіне қалың қар жауып, үш-бес күннен кейін, аяздан кейін еріген кезде немесе қатты жел болғанда артады. Осы кезеңде азаматтарға таулы аймақтарға барудан бас тарту ұсынылады.
ШҚО ТЖД өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ұстанып, көшкін қаупі жоғары уақытта тауға шығуды тоқтату қажеттігін еске салады.