Қар көшкіні қауіп төндірмей ме? - ШҚО
фото: gov.kz
Шығыс – таулы өлкен. Тау – тамаша демалыс сыйлайды, дегенмен мұнда қауіп-қатер де жоқ емес.
Қылышын сүйретіп қыс келгенде, жолаушыларға көшкін қауіп төндіре бастайды. Сондықтан «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізіп, таулы аудандардағы қауіпсіздікке мониторинг жасайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жалпы облыс аумағының 70 пайызы қар көшкініне ұшырайды. Тасжол бойындағы беткейлерге қасат қар тұрып қалғанда, құтқарушылар қолдан «көшкін» жасап, қауіптің алдын-алу жұмыстарын жүргізеді.
Өңірде 497 қауіпті учаске бар. «Қазселденқорғау» мамандары Өскемен-Самар жолындағы көшкін қаупі бар учаскелерді зерттеген. Мұнда қар жамылғысының биіктігі 40-50 см, Өскемен-Таулы Үлбі жолында 10-20 см, «Өскемен-Алтай» жолдында 20-40 см, Катонқарағай ауданында 45-50 см.
Дәл қазір көшкін жүру ықтималдығы жоқ. Дегенмен «Қазселденқорғау» ШҚ филиалы тауда демалған кезде сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді.