ШҚО-да журналистика ардагерлеріне жаңа ақпараттық технологиялар таныстырылды (Видео)
Бүгін «ALTAI-NEWS» медиа-орталығының ұжымы компанияға қарасты «DIDAR» және «Рудный Алтай» газеттерінің ардагерлерімен жүздесіп, оларға заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті қолдана отырып ақпарат жеткізудің жаңа тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«ALTAI-NEWS» медиа орталығы – өңірдегі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырып отырған басты медиа-құрал. Оның құрамына Altainews.kz желілік басылымы,«DIDAR» және «Рудный Алтай» газеттері, «NEW-media» продюсерлік студиясы, әлеуметтік желілердегі пабликтер, полиграфиялық қызмет бағыты кіреді.
Қос басылымда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлер «ALTAI-NEWS» медиа-орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Ақпарат саласындағы замануи технологияларды пайдалана отырып, жұмысын жүргізіп келе жатқан орталықта қазір 75 адам жұмыс істейді. Оңтайландыру жалақының біршама өсуіне ықпал етіп, қаламақы төлеу жүйесі де түбегейлі өзгерді.
Жалпы, газет атаулыға оқырмандардың қызығушылығының төмендеуі қазіргі таңда тек өңірде ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отыр. Мысалы, Ресейде соңғы 10 жылда журналдар мен газеттер саны 40 пайызға қысқарған. Газеттер жедел жаңалықтардың көзі ретінде өз рөлін толық атқара алмауы ақиқат. Газеттер тек аналитикалық және салалық тақырыптардағы авторлық материалдарды, журналистік зерттеулерді көптеп жазуға итермелеуде. Осы тұсы газеттің басымдылығы болмақ.
Еңбек ардагерлеріне қазақы қонақжайлықпен шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, өздері еңбек еткен газеттің болашағына бей-жай қарамайтындығын жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін де айтты.
Фото: Махаббат Ахметжанова