ШҚО-да мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттары талқыланды
Кездесу «Altainews» медиа-орталығында өтті. Бүгінгі таңда бұл компания – өңірдегі мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың негізгі құралы.
Осы жылы медиа-орталық редакциясында елеулі өзгерістер болды. Компания өзінің ресми атауы мен жұмыс құрылымын өзгертті. Медиа-орталықтың құрамына Altainews.kz сайты, облыстық «DIDAR» және «Рудный Алтай» газеттері, әлеуметтік желілердегі пабликтер, полиграфиялық және типографиялық бөлімшелер енеді. Сапалы медиа-контент – әлеуметтік мультимедиялық роликтер, өзекті тақырыптарға арналған подкасттар жасайтын «New-media» студиясы сәтті іске қосылды, «Шығыс ақпарат» ақпараттық бағдарламасын шығару жолға қойылды.
Биыл Altainews.kz сайты толығымен жаңартылып, мобильді құрылғыларға бейімделді, жаңа бөлімдер пайда болды және навигациясы жақсарды. Бұл оны оқырмандар үшін барынша ыңғайлы етті. Портал тәулік бойы қос тілде жұмыс істейді. Жаңалықтар арнасы сағат 9.00-ден 23.00-ге дейін жаңартылып тұрады. Сайттың орташа трафигі де өсті, оны тәулігіне 10 мыңнан астам адам оқиды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аймақ тұрғындарын жедел әрі сапалы ақпараттандыру бағытындағы журналистердің маңызды рөлін атап өтті.
Аймақ басшысы БАҚ саласында жемісті еңбек етіп, облыс журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ қызметкерді Алғыс хаттармен марапаттап, келер жылы зор шығармашылық табысқа жетулерін тіледі.
Ержан Әбіш
Фото: Аяужан Утеулинова