Жүргізуші куәлігі, сақтандыру және тіркеу: мопедтерге қатысты маңызды өзгерістер
istockphoto.com
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдары ретінде танылып, оларға қатысты жаңа ережелер қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа талаптар қандай?
Көрсетілген күннен бастап мопед иелері:
- мопедті полицияда тіркеуден өткізуге;
- А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігін алуға;
- техникалық байқаудан өтуге;
- азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға міндетті болады.
Мопедті тіркеу үшін тұрғындар:
1. Өз тұрғылықты жеріндегі арнайы ХҚКО-ға жүгінуі керек.
2. Жеке басын куәландыратын құжаттарды (электрондық нұсқада болуы мүмкін) және мопедтің техникалық сипаттамаларын ұсынуы қажет.
3. Өтініш толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс:
- тіркеу үшін – 0,25 АЕК (983 теңге);
- тіркеу куәлігі үшін – 1,25 АЕК (4 915 теңге);
- мемлекеттік нөмір үшін – 1,4 АЕК (5 505 теңге).
ШҚО Полиция департаменті ескертеді: егер 5 сәуірге дейін мопед тіркелмесе және жүргізуші куәлігі болмаса, мұндай көлік құралдарын пайдалану заңсыз деп танылады.
Мопед жүргізушілеріне жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы курстарға алдын ала жазылып, тиісті дайындықтан өту ұсынылады.