Пробация үйі: Алтайда есептегі азаматтарға көмек көрсетілді
Алтай қаласында Пробация үйі жобасының кезекті шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету. 2024 жылдың соңына қарай №1 пробация қызметінің есебінде 77 адам тұрса, осы шараға олардың 24-і қатысты.
Шара барысында құқықтық, медициналық және психологиялық кеңестер беріліп, қатысушыларға қажетті құжаттарды алу, жұмысқа орналасу, білім алу және медициналық көмекке қол жеткізу жолдары түсіндірілді. Кеңестерге Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова, Алтай аудандық прокуратурасының прокуроры Абылай Қазбекұлы, сондай-ақ әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Татьяна Шидыч қатысты.
ШҚО бойынша ҚТЖД Алтай ауданының №1 пробация қызметінің бастығы Ерлан Мағзиевтің айтуынша, пробация есебіндегі 6 адам Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналастырылып, жыл бойы бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысқан. Сонымен қатар, 2024 жылы 32 адам жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бұл – пробация қызметі мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының оң нәтижесі.
Алтай аудандық прокуратурасының прокуроры Абылай Қазбекұлы сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру қылмыстың қайталану ықтималдығын төмендететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстар қоғамды қауіпсіз етіп, азаматтардың қалыпты өмірге оралуына септігін тигізеді.
Пробация қызметі есептегі азаматтарды жұмысқа орналастыру және емдеу бойынша ауруханалармен және қылмыстық-атқару мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан. Аталған меморандум аясында адамдарға медициналық тексерулер ұйымдастырылып, маскүнемдік пен нашақорлықтан емдеу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік берілген.
Шараға қатысушылардың бірі, Олег Иванов, пробация қызметі арқылы жұмыспен қамту бойынша кеңес алғанын және жақын арада жұмысқа орналасуға үмітті екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай шаралар қоғамға бейімделу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.