Самар ауданында байланыс пен интернет сапасы жақсарады
Самар ауданында байланыс пен интернет сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстар басталды. «Цифрландыру басқармасы» ММ мен байланыс операторлары — «Қазақтелеком» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС өкілдері бірлесіп, ауданда көшпелі мониторинг жүргізді.
Аудан әкімдігінде өткен кеңесте телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары талқыланды. Күн тәртібінде аудан аумағындағы, соның ішінде туристік жағалаудағы байланыс пен интернет сапасын жақсарту мәселесі көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:
Мыс желілері талшықты желіге ауыстырылады – бұл интернет жылдамдығы мен тұрақтылығын арттырады.
Жағалау аймағында мобильді байланыс сапасын күшейту үшін антенна-діңгек құрылысы салынбақ.
Шалғай елді мекендерге интернет қолжетімділігін арттыру мақсатында техникалық шешімдер қарастырылады.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл жаңашылдықтар аудан тұрғындарына тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.