Өскеменде әскери-патриоттық сыныптарға бес жауынгердің есімі берілді
Өңірдегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының дамуына Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы белсенді үлес қосуда. Соның бір айғағы – Өскемен қаласындағы №49 орта мектепте өткен оқушылардың ант қабылдау рәсімі. Бес жыл бұрын ашылған білім ордасында ұйымдастырылған шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев және 5518 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Серік Ноғаев қатысты.
Салтанатты шара барысында мектепте «Жас бүркіт» сыныптары ашылып, оларға тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан бес жауынгердің есімі берілді. Атап айтқанда, бұл сыныптар қатардағы жауынгерлер Тахир Райымжанов, Еркебұлан Мақажанов, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматовтың есімдерімен аталатын болды.
Сонымен қатар, Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің бастамасымен ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне арнайы төсбелгілер тағылды. Бұл төсбелгілерде 17 жауынгердің есімі жазылған.
Шараны ұйымдастырушылар қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғап, бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларды еске алу – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін атап өтті.
Айта кетейік, кадет сыныптарында әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән беріліп, әскери қызметке дайындық бойынша арнайы бағдарламалар жүргізіледі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі