Жанкүйерлердің ыстық ықыласы: Универсиада жеңімпаздары Өскеменге оралды
Бүгін Өскемен әуежайында ерекше іс-шара өтті. Атап айтсақ, жергілікті спортсүйер қауым жақында Италияның Турин қаласында мәресіне жеткен қысқы Универсиаданың жеңімпаздарын қарсы алып, саңлақтарға қошемет көрсетті, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, дүниежүзілік Универсиадада фристайлдың могул түрінен ел намысын қорғаған үш бірдей жерлесіміз жүлдеге іліккен. Олар – ұлттық құрама қоржынына екі алтын медаль салған Анастасия Городко мен күміспен күптелген Аяулым Әміренова және Антон Бондарев еді.
Кешкі уақытқа қарамастан, бұл күні спортшыларды қарсы алуға келгендердің қарасы көп болды. Әлбетте, арасында байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларымыздың жақындары да бар еді. Мәселен, Аяулым Әміренованың әкесі қызының мұндай жетістігіне ерекше қуанғанын, жүрегін мақтаныш сезімі кернегенін жасыра алмады.
Осылайша, жаһандық додада ел құрамасының қоржынындағы шығысқазақстандық фристайлшылар салған медальдардың саны төртеуге дейін жетті. Оның екеуі – алтын, екеуі – күміс. Осы ретте, Универсиада қорытындысы бойынша еліміздің спортшылары барлығы үш алтын, төрт күміс және жеті қола медаль жеңіп алғанын ескерсек, шығысқазақастандық саңлақтардың үлесі елеулі екеніне көзіміз жетеді.
Ал Италия жеріндегі байрақты бәсекеде екі рет тұғыр биігінен көрінген Анастасия Городконың өзі Универсиададағы өнеріне көңілі толатынын жетікізді. Оның айтуынша, мұның бәрі жарысқа тыңғылықты дайындалудың арқасында мүмкін болған екен.
Турин Универсиадасында қанжығасы майланған тағы бір жерлесіміз Аяулым Әміренова да жетістіктеріне разы. Тек алғашқы күнгі жекелей сында жүлделі орыннан көріне алмай қалғанына қынжылатынын жеткізді.
Айта кетейік, Турин қаласында өткен қысқы Универсиадада Қазақстан ұлттық құрамасы 43 елдің арасынан 12-ші орынға ие болған-ды. Жоғарыда жазғанымыздай, 10 күнге созылған дүбірлі додада ел қоржыны үш алтын, төрт күміс және жеті қола, барлығы 14 медальмен толыққан.
Бұл – шығысқазақстандық фристайлшылардың ағымдағы маусымда қол жеткізген алғашқы жүлделері емес. Жыл басында жергілікті жанкүйер қауым жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлерін де зор қошеметпен қарсы алған болатын. Алматы қаласының іргесіндегі «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында өткен жаһандық додада жас спортшыларымыз Юлия Феклистова мен Денис Раструба аралас командалар арасындағы сайыста күміс медальді жеңіп алған еді. Сондай-ақ, даңқты жерлесіміз Юлия Галышева АҚШ-тың Уотервилл қаласында фристайлдың могул түрінен өтен Әлем кубогы үшін жарыстың кезеңінде параллельді могул сайысында қола жүлдеге ие болған.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Нелли Петенева