Өскеменде Ауған соғысының құрбандарын еске алды (видео)
1989 жылдың 15 ақпанында Ауған жерінен соңғы кеңес әскері шығарылды. Осы датаға орай Өскемендегі Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан Ауған соғысының құрбандарына арналған Мәңгілік алау ескерткішінің жанында арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл күні мемориал маңына ауған соғысының ардагерлері жиналып, қаза болған қаруластарын еске алды.
Облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Мусин сөз сөйлеп, жат жерде Отан алдындағы борышын адал атқарған жауынгерлердің ерлігіне тағзым етті.
Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Фролов өткен күндер жайлы естелігімен бөлісіп, бүгінде ел тыныштығын күзетіп жүрген жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Ауған жерінде взвод командирі болған Қыдырғазы Баймұратовтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша 1 100-ге жуық ауған соғысының ардагері бар, оның 500-ге жуығы Өскемен қаласында тұрады. Осы күні олардың көпшілігі Мәңгілік алау ескерткішіне келіп, бір минут үнсіздікпен майдандас достарын еске алды және мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің туыстары да қатысты. Солардың бірі – Майра Байчинова.
Айта кетейік, бұл күні үлкендермен бірге жастар да мемориалға гүл шоқтарын қойды. Батырлардың рухына тағзым еткендердің арасында күш құрылымдарының қызметкерлері де болды. Мәңгілік алау ескерткішінің жанында өткен іс-шара Оқушылар шығармашылық сарайында ұйымдастырылған концертпен жалғасты.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Ермек Жиенбеков