KZ
Өскемен
-7°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Ауған соғысынан қазақстандық 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралған

17.02.2020, 09:28 239

Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына байланысты ардагерлерге арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, он жылға созылған соғыста  қазақстандық 22269 сарбаз от кешіпті. Олардың 21-і із-түссіз жоғалып, мыңға жуығына Ауған жерінен топырақ бұйырған. 1015-і елге мүгедек болып оралған. 

15 ақпан күні қала басшылығы, Ауған соғысы ардагерлері мен қала тұрғындары жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

-  Қаншама жас жігіттердің өмірін қиып, қамқор ата-аналарына қамырық қайғы әкелген сұрапыл соғыс ешқашан ұмытылмайды. Біздің міндет – шайқаста қаза болған талайсыз жерлестерімізді ұмытпау, бағы жанып, елге қайтып оралған азаматтарымызға құрмет көрсету, - деді қала әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубекұлы.

Шара аясында жалғастық тапқан концерттік бағдарламада «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің төрағасы Қайрат Мусин сөз алды.

- Біздің елімізде Ауған соғысы кезінде ерлігі үшін марапатқа ұсынылған, бірақ шетін жағдайларға байланысты лайықты төсбелгісін ала алмаған ардагерлер баршылық. Былтыр совет әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 30 жыл толғанына байланысты Қазақстан Ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Марапат иелерін тапты» атты жобасы қолға алынған еді. Тек бізде ғана емес, өткен жылы Ресейде де сондай жоба аясында 7 ардагер марапатталған болатын. Бүгінгі мерекелік кеш, салтанатты жиында бізге Ауған соғысы ардагері Владимир Алексеевич Сенгелеевке «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісін тағу құрметі бұйырыпты, - деді ол.
Қаламызда Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Облысымызда соғыста қаза тапқандардың 80-нен астам отбасы мен хабарсыз кеткен жауынгерлердің төрт жанұясы тұрады. 2002 жылдан бастап аталмыш ұйымның қатысуымен қаһармандарға арналған 38 мемориалдық тақта мен облыстағы оқу орындарында 25 бұрыш ашылған.

-  Мұндай жанкешті, қанды соғыстар ешқашан ұмытылмас. Өткеннің қателігін қайталамауымыз, тиісінше сабақ алуымыз қажет. Бейбіт, бақытты өмір сүргенге не жетсін, - деді Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сергей Денякин.
Ардагерлер мерекелік кешті ұйымдастырған қала әкімдігіне зор алғыстарын білдірді.

Әділ Әуезхан

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу