KZ
Өскемен
-7°
ясно жел 2 м/с, ОБ
499.76 521.7 5.63

Катонқарағайда жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып жүр

19.02.2025, 17:53 430 Төлеуғазы Жансая


Катонқарағай ауданында биылдан бастап мемлекеттік және әлеуметтік мекемелер үшін жаңа жұмыс кестесі пилоттық режимде енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша жұмыс уақыты 08:00-ден 17:30-ға дейін деп белгіленді. Бұл режимге ауданның 40 мекемесі көшіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  
Катонқарағай ауданы әкімінің 2024 жылдың 30 желтоқсандағы №49 өкімімен 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап аудан әкімі аппаратының, ауылдық округтердің, дербес бөлімдердің қызметкерлеріне жұмыс уақыты 08.00-ден 17.30-ға дейін, түскі үзіліс 12.00-ден 13.30-ға дейін белгіленіп отыр. 

– Катонқарағай ауданындағы жұмыс күнінің 8.00-де басталуы табиғи ортаға, жергілікті халықтың тұрмыс салтына және экономикалық белсенділікке сай келетін пайдалы шешім болды деп ойлаймыз. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өңірдің дамуына оң ықпал етеді, – деп мәлімдеп отыр Катонқарағай ауданы ішкі саясат бөлімі.

Естеріңізге салар болсақ, былтырғы желтоқсанда облыстың бірқатар басқарма басшылары топ болып, екікүндік іссапармен Катонқарағай ауданына барған болатын. Олар Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл, Қайыңды, Қызылжұлдыз, Аққайнар, Еңбек, Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға, Белқарағай, Өрнек, Топқайың, Барлық, Коробиха, Ақсу ауылдарында болып, тұрғындарымен кездескен еді.
Сол кездесулерде жұмыс уақытын сағат 8:00-ден бастау туралы ұсыныс талқыланып, халықтың жұмыс кестесін өзгерту туралы пікірі тыңдалды. Жиналған қауым мұның тиімді жақтары туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Қорытындысында барлық ауылдарда көпшілік жұмыс күнін таңғы 8.00-ден бастауды бірауыздан қолдап, дауыс берген. 
Жаңа жұмыс режимі енгізілгеннен кейін бір жарым ай өткен соң Altainews.kz тілшілері аудан тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргізді. Нәтижесінде, көпшілігі жұмыс күнінің ерте басталуын оң бағалап, бұл өзгерісті қолдайтындықтарын білдірді.
Егер бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта өзге аудандарда да кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу