ШҚО-да есірткі өсіруге арналған екі фитозертхана жойылды

Шығыс Қазақстан облысында полиция есірткі заттарын заңсыз өсіруге арналған екі шағын жылыжай қызметінің жолын кесті, — деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Тінту барысында полиция қызметкерлері облыстың 57 және 35 жастағы тұрғындарының пәтерлерінен арнайы жабдықталған фитозертхананы анықтады. Олардың бірі жарықдиодты шамдармен, желдету және фильтр жүйесімен жабдықталып, шкафтың ішінде орналасқан болса, екіншісі термобокс түрінде жасалған болып шықты.
Тінту кезінде қарасора өсімдігі, оларды өсіруге арналған құрылғылар, сондай-ақ өсімдік тектес зат салынған түйіншектер тәркіленді. Тыйым салынған заттың жалпы салмағы 570 граммнан асты.