Жазасын өтеп жүргендер жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр (Видео)
Облыстағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар кәсіптік білім беру бөлімшелерінде жұмысшы мамандықтарын игеріп қана қоймай, өндірістік алаңдардағы кәсіпорындарда еңбек етуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Өскемендегі №17 түзету мекемесінде орналасқан Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің студенттері арасында «Үздік автокөлікті жөндеуші-слесарь» және «Үздік электргаз дәнекерлеуші» мамандарын анықтауға арналған өңіраралық конкурс өтті. Бұл – колледждің бастамасымен ұйымдастырылып отырған екінші жарыс. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бес түзету мекемесінде бір мезгілде өткен жарыстың мақсаты – сотталған азаматтарды еңбекке баулу, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге ынталандыру және олардың түзелуіне ықпал ету.
Жабық мекемедегі Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне жыл басында алты мамандық бойынша 91 студент қабылданған.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Өскемендегі №17 түзету мекемесі бастығының орынбасары Олжас Тоқтардың айтуынша, мұндай конкурстар жазасын өтеушілердің өзін жақсы қырынан көрсетуіне, тұрақты жұмыспен қамтылуына және мерзімінен бұрын босатылуына оң әсерін тигізеді.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Аяужан Утеулинова