Жастар бәсекеге қабілетті болуы маңызды
Серебрянск технологиялық колледжі - өңірдегі жұмысшы мамандықтарын даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Колледж аймақтың өндірістік секторы үшін қажетті білікті кадрларды дайындауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу орны бірнеше салада жұмысшы мамандарын даярлайды, оның ішінде металл өңдеу, электр жабдықтарын жөндеу, қызмет көрсету және орнату, машина жасау, дәнекерлеуші салаларында кең профильді мамандарды дайындайды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жұмысшы мамандықтарын даярлайтын оқу орнына ат басын бұрып, студенттер және оқытушы құраммен кездесіп, материалдық-техникалық базасымен танысты.
Өңір басшысы облысқа жұмысшы мамандықтар қажет екенін атап өтіп, білім сапасына жоғары мән беру керектігін, әсіресе колледж қабырғасында дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алып жатқан студенттер оқу кезінде кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, еңбек нарығына дайын болып шығатыны, жақсы нәтиже беріп жатқанын жеткізді.
“Жастарға білім алудың, жаңа технологияларды меңгерудің және өз кәсіби салаларында бәсекеге қабілетті болу аса маңызды. Серебрянск технологиялық колледжі аймақтың экономикасы үшін білікті мамандарды дайындап, жастарды жұмысқа орналастыруда үлкен рөл атқарып келеді”, -деді облыс әкімі.
Ұзақ жылдар бойы колледж аймақтың жетекші кәсіпорын ұйымдарымен серіктестік орнатып, сол арқылы оқу орнының түлектері мамандықтары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алуда.
“Біздің колледж өңірдің 20-дан астам кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатқан. Колледждің барлық студенттері дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Оқу орнының басты мақсаты – студенттерге заманауи өндірісте сұранысқа ие мамандықтар бойынша сапалы білім беру және оларды нарық талабына сай кәсіптік дағдылармен қамтамасыз ету. Студенттер колледж қабырғасында теориялық білім алып қана қоймай, өндірістік тәжірибе барысында сол білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Бұл үшін оқу орны заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханалар мен өндірістік шеберханаларды ұсынады”, деді Серебрянск технологиялық колледждің директоры Ольга Антоненко.
Бүгінде технологиялық колледжде 120-дан астам студент білім алуда.
Қуаныш Рахметоллаұлы